Наурыз - жақсылықтар бастауы

14-03-2026

Наурыз - көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің  мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерді бойына сіңірген ұлағатты ұрпақтарды дәріптейтін ұлттық мейрам. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілікті Жер-анамен тығыз байланысты қазақ елі үшін Көрісу дәстүрі - жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп саналады.

   Ұлыстың ұлы күні – Амал мерекесін «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС биылғы жылы да ұлттық нақышта өткізді. Кезекті жұмыс аптасының алғашқы күнін ұжымдастар бір-біріне жыл басында айтылар ақ жарма тілектермен, қол алысып көрісуден бастады. 30 жылдық тарихы бар ұйымшыл бұл мекемеде мерекеленетін кезекті бұл мейрамында ұжым мүшелерінің көңілдері, бір біріне деген тілектері шат- шадыман болды.

  Қасиетті Рамазан айының «Ауыз ашарымен» тұспа – тұс келген биылғы ұжымдағы «Көрісу» ұлттық нақышта киінген ұжым қызметкерлерінің қол алысып, кеуде қағыстырып көрісуімен басталды. «Ақтау» базасы ғимаратының фойесіне жайылған баталы дастархан басынан  ұжым жұмысшылары «Жыл бойы ағымыз бен нанымыз мол болсын!» деген ниетпен дайындалған наннан, ақтан ауыз тиді. Кең жарқа көрісіп, ақ жарма тілектерін арнаған жұмысшыларға  үлкендер бата берді.

 «Наурыз» апталығының кезекті шараларының бірі - жұмысшылардың «Ауыз ашары» кешкісін арнаулы мейрамханада берілді. Кешірімді де, қасиетті айдың бұл шарасына ұжым зейнеткерлері шақырылды. Баталы сөздерінде еңбектің бейнеті мен зейнеті дәріптеген зейнеткерлер тілектерін Серіктестіктің Бас директоры Бигалиев Қуанбек Шәкірұлы жалғастырды. Мерекелік шеру қорытындысында ынтымағы жарасқан ұжымның басшысы ұжым мүшелеріне «Жаңа жыл жақсылығымен, сәттіліктерімен, молшылығымен келсін! Еліміздің игілігі жолындағы ортақ  қызметімізге табыс пен береке тілеймін! - деген мерекелік тілектерін жеткізді

«Қош келдің, әз Наурыз!» атты кешкі шара таңертенен бастау алған Амал мерекесін одан әрі нәрландырды. Ұжым қызметкерлері арасындағы ерлер мен қыз-келіншектердің ұлттық киімдер, ұлттық нақышта киінген әже немерелер сайыстары, ұлттық «Гір көтеру», «Асық»,  

«Арқан тарту» сайыстар өткізілді, жеңімпаздар арнаулы сыйлықтармен марапатталды. Қазақтың түрлі мақал мәтелдеріне, сұрақ-жауаптарына арналған бұл ұлттық нақыштағы кештің жиналған ұжым мүшелеріне әсерлері көп болды.  

  Табиғат келіп жеткен жайсаң мезгілдің жайлылығын сездіріп, баршамызға самал желінді, көктемгі ақ жаңбырды, жүрекке жылу үйірер ерекше сән-саламатын сыйды Наурыз мейрамы тарту еткендей. Жаңа жыл басы жақсылықтарға толы болсын!  Экономикалық дамудың жаңа бағытын ұстанып, қайта құруға алғашқы қадамдар бастаған жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болсын! Төрге шыққан Ұлыстың ұлы күні құтты болсын,  ардақты Алаш елінің абыройы асқақ болсын! 


Быстрая связь

Контакты


© 2024 Mangistau Energo Munay. Все права защищены. | Разработано Mediana.kz